Қаріп көлемі: A A A
Аралығы: AАА AАА AАА
Фон: A A A
Қаріп түрі:
KZ
RU EN

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы


Елтаңба

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін нышандық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.

Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куә. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің нышаны.

Мемлекеттік Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақтың айналасына күн сәулесі тарап, уықтарымен ерекшеленген. Оның оң және сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.