Атырау қаласында таеквондодан халықаралық турнир өтті

17.09.2018

2018 жылдың 10-11 қыркүйек аралығында Атырау қаласының Мұз сарайында жасөспірімдер мен ересектер арасында таеквондодан «KAZAKHSTAN OPEN - 2018» халықаралық турнир өтті.

Аталмыш жарысқа әлемнің 15 елінен келген 400-ге жуық кілең мықтылар жиналды. Боз кілемнің қыр-сырын меңгеріп, қарсыластарына дес бермеген жасөспірім палуандарымыз 15 медальға қол жеткізді.

Соның ішінде 7 алтын, 4 күміс, 4 қола Қазақстанның қоржынына түсті.

Жемісті жетістік көрсеткен таеквондошылар Айтуар Шәйкенов (58 келі), Әлішер Ақби (41 келі), Балнұр Қауымбай (34 келі), Элеонора Шералы (26 келі), Балауса Арапат (24 келі), Аружан Құдайбергенова (30 келі), Назерке Алдан (22 келі) алтын медальды еншілесе, Меруерт Көпболсынова (67 келі), Бекқали Нұрымбетов (37 келі), Амин Долгиев (28 келі), Мария Тю (22 келі) күміс медальды иеленді. Ал Әділ Тілеуғабыл 45 (келі), Әбділ Тілеубай, Сұлтан Бекболат, Асылтас Бажан қола медальды місе тұтты.

Естеріңізге салсақ, ел намысын қорғаған жеңімпаздар «Сарыарқа» республикалық велотрегінің таеквондадан жаттықтырушылары Әлішер Бейсембай мен Асқар Джемаловтың тәрбиеленушілері.

«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, шәкірттерінің биіктен көрінуіне өзіңдік үлес қосқан қос жаттықтырушының жұмысына табыс, еңбегіңе жеміс тіледік.

Велосипед спортынан олимпиадалық

даярлау орталығы» РМҚК баспасөз қызметі

Бөлісу: