«QAZAQSTAN» ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАЛЫҚ СПОРТ КЕШЕНІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ АНТИТЕРРОРИСТІК ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ДӘРІС ӨТТІ

22.04.2025

2025 жылғы 22 сәуірде Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың антитеррористік қорғалу мәселелеріне арналған арнайы дәріс өтті. Іс-шараға республикалық «Сарыарқа» велотрегінің және «Qazaqstan» спорт кешенінің қызметкерлері қатысты.

Дәріс барысында террористік қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі аспектілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарастырылды. Ерекше назар келесі мәселелерге аударылды:

  • Өту режимі мен инженерлік-техникалық нығайтулар: нысандарға рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін қатаң бақылау жүйесін енгізу және техникалық тұрғыда нығайту.
  • Террористік әрекеттерді дайындау белгілерін анықтау: жағдайды тұрақты бақылау және қызметкерлер арасында экстремизмнің алдын алу.
  • Террористік әрекеттердің алдын алу: нысандардың күзетін ұйымдастыру және қызметкерлер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
  • Террористік қауіптерден туындайтын салдарды азайту және жою: төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін әзірлеу және қызметкерлерді дайындау.

Бұл іс-шара халықаралық жарыстарға дайындық аясында спорт нысандарының антитеррористік қорғалу деңгейін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. «Qazaqstan» спорт кешені мен «Сарыарқа» велотрегінің қызметкерлері террористік қауіп туындаған жағдайда тиімді әрекет ету үшін қажетті білім мен дағдыларды алды.

Осындай оқыту іс-шараларын ұйымдастыру – барлық мемлекеттік және спорттық мекемелер үшін қауіпсіздікті нығайтып, төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға бағытталған басым бағыт болып табылады.

                                                   

«Астана» ОДО баспасөз қызметі

Бөлісу: