«Астана» өз алаңында «Зениттен» есе қайтаруға шақ қалды

28.12.2020

Жаңа жыл қарсаңындағы «Астана» баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы петерборлық «Зенитпен» өткен кездесуі өте тартысты болды. Эмиль Райковичтің шәкірттері үшінші кезеңде -20 ұпайдан қарқынды камбекті жүзеге асырып, матч соңында есе қайтаруға шақ қалды.

Ортада лақтырылған допты қонақтар іліп әкеткендерімен, бірінші шабуылдарын сәтті аяқтай алмады. Алайда, бұдан кейін біздің жігіттер де есеп аша алмады. Әрі “Астана” жігіттері ойын ережесін бұзып, фол ала бастады. Сондықтан Эмиль Райковичу мәжбүрлі түрде ойыншысын алмастырып, алаңдағы Мартиньш Мейерсті жанына отырғызып алды. Есеп тек екінші минутта ашылды, Мейерстің фолынан кейін Артурас Гудайтис айып соққыларының біреуін шығыршыққа дөп түсірді. Келесі нәтижелі шабуылды тағы да бір минуттан артық күтуге тура келді. Бірақ бұл жолы біздің Оярс Силиньш доп салып, “Астананы” алға шығарды. Жалпы, бастапқы бес минутта екі ұжымның есебінде он ұпай ғана болды, төртеуі “Астананың” және алтауы петерборлықтардың – еншісінде. Бірақ бұдан кейін “Зенит” соққыларын бірте-бірте дөп түсіре бастады, ал “Астананың” лақтырған доптары қонақтардың шығыршығына маңайламай қойды. Есеп айырмасы он ұпайды жуықтап, бірінші кезеңнің аяқталуына үш минуттан артық уақыт қалғанда  Николай Бажин біздің алыстан лақтырған добымыздың алғашқысын дәл түсірді. Алғашқы онминуттықтың қорытынды есебін Джеремайя Хилл түйіндеді – 9:17, алда “Зенит”. Әрине, он минутта тоғыз ұпай айырмасымен есе жіберу – қанағаттанғысыз нәтиже. Әрі қарсыласымыз да көп ұпай еншілей алмады. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ, екі команда да қорғанысқа көп көңіл бөлді. Екінші кезеңде ойын өрнегі әлдеқайда ширай түсті, әрі біздің жігіттердің іс-әрекеттері де үйлесе бастады. Бажин, Марбл және Томпсон салған доптардың арқасында есеп айырмасы небәрі 4 ұпайға қысқарды. Алайда петерборлықтар да айылдарын жимай, есеп айырмасын бірнеше минут 8-5 ұпай аралығында ұстап тұрды. «Астана» оларды қуып жетуге тырысып, бар күш-жігерін салды. Әрі матчтың бірінші жартысының аяқталуына үш минут қалғанда оған да қол жеткізді. Майкл Томпсон флоутер тәсілімен доп салып, айып соққысын орындау құқына да ие болды. Әрі оны мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Кезенің соңғы минуттарында доп додасы одан әрі қыза түсті. “Зенит” өз шабуылдарын сәтті аяқтап отырды, бірақ іле-шала біздің ойыншылардың қарсы шабуылдарынан көз жазып қалумен болды. Осылай, есеп тағы да үш рет теңесті. Бірақ соңғы шабуылға шығу мүмкіндігі қонақтарда еді, әрі олар оны сәтті аяқтап, жиырма минут ойын уақытынан кейін алда тұрды – 31:33.

“Астана” үшін бірінші кезең аса сәтті болып шықпағанымен, екіншісінде біздің жігіттер жағдайды түзеп, нәтижелі болмаса да, алаңда табан тірескен дүлей дода қыза түсті. Алайда үшінші кезең де біздің команда үшін көңіл көншірліктей болмады. Шығыршық ауыстырған соң Эмиль Райковичтің шәкірттері ұзақ уақыт бойы допты нысанаға дәл түсіре алмай, дал болды. Тек төрт минуттан артық уақыт өткен соң ғана Силиньш айып соққыларын мүлтіксіз орындады. Бірақ осы уақыт аралығында  “Зенит” +2 есеп айырмасынан +14 ұпайға дейін қара үзіп кеткен еді. Екі команданың арасы дәл осы шамаға жеткенде допты дөп түсіру мәселесі шешіліп, бұдан кейінгі үш минутта есеп айырмасы көп өзгермей 11-13 ұпай аралығында тербеліп тұрды. Бірақ үшінші кезеңнің соңғы екі минутын да ойынымыз үйлеспей, астана командасы тағы да нысана көздеуден жаңылыса бастады. Оның үстіне жігіттеріміз бірнше рет доптан айырылып қалып, жаза басты. Матчтың аяқталуына он минут қалғанда жағдай тығырыққа тіреліп тұрды – минус жиырма ұпай. Ал “Зенитпен” додаға түскенде, мұның орнын толтыру мүлдем мүмкін емес секілді-тін. Алайда, сырттай тон пішіп, біздің команданы жығып беру әлі ерте болып шықты. Джеремайя Хилл үш ұпайлық добын дөп түсіріп, біздің команданы дүр сілкіндірді. Оны өздерінің жанкешті әрекеттерімен Николай Бажин, Мартиньш Мейерс және Девин Марбл қолдады. Соңғы кезеңнің үш минутқа жетер-жетпес уақыты өткен соң “Астана” есеп айырмасын екі есе қысқартты. Ал “Зенит” бірде-бір ұпай еншілей алмады. Бұл біздің команда камбэгінің басы ғана еді. Марбл, Мейерс және Хилл нәтижелі шабуылдарымен көзге түсіп, есеп айырмасы небәрі 4 ұпайды құрады. Тек “Зениттің” бапкерлері құрамы алған тайм-аут қана Қазақстан командасының қарқынын басты. Бұдан кейін қонақтар төртінші кезеңде бірінші рет нысананы дәл көздеді. Бұл бес минут ойын уақыты өткен сәт еді. Осыдан кейін ойын өрнегі теңесіп, “Зенит” қалған сәл ғана басымдығынан айырылып қалмауға тырысты. Әрі қарсы шабуылдарын сәтті орындап отырды. “Астана” -3 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Бірақ қонақтардың екі шабуылы жауапсыз қалып, командалар арасы 7 ұпайға аошақтай түсті. Соңғы кезеңнің басындағы біздің ойыншылардың екпіндері мен аптықтарын қонақтар су сепкендей басты. Есеп айырмасы аса алшақ болмағанымен, уақыт тым аз еді. “Астана” қыспаққа алған қарсыласын тізерлете алмай, бұл ойында жеңістен айырылып қалды – 70:77.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Мартиньш Мейерс бүгін біздің команда сапындағы ең көп ұпай жинаған және тиімді ойыншы болды – 17 ұпай, 7 рет доп қағып алды. Девин Марблдың еншісінде – 14 ұпай. Джеремайя Хилл 10 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 3 рет допты тартып әкетті. Майкл Томпсон 8 ұпай еншілеумен қатар, 5 пас берді. Николай Бажин қазақстандықтар арасында үздік шықты – 9 ұпай, 5 рет доп қағып алды және 3 пас.
  • «Зенит» – бүгін негізгі жұмысты өз мойындарына алған петербор алыптары болды – Артурас Гудайтис және Уилл Томас. Тек осы екі ойыншы ғана он ұпайдан артық еншіледі. Гудайтис 18 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды. Ал Томас дабл-дабл авторы атанды – 19 очков және 12 рет доп қағып алды.

«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— «Зенитті» жеңісімен құттықтаймын. Біздің командада жақсы мүмкіндіктер болды. Біз «Зенитке» дес бермей, алшақ есеп айырмасын қысқартып, дода көрігін қыздыра алдық. Бірақ матч соңында оларға төтеп бере алмадық, әсіресе Уилл Томасқа. Сондай-ақ, еш бөгетсіз орындалған үш ұпайлық соққыларымызды дөп түсіре алмадық, доға сыртынан доп салған пайыздық көрсеткішіміз өте төмен болды. Әрине, мұндай пайызбен ЕуроЛигада өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүрген «Зенит» секілді деңгейі жоғары команданы ұту мүмкін емес.

«Зениттің» бас бапкері — Хави Паскуаль:
— Біз ойынды жақсы бастадық, бірақ екінші кезеңде сол басымдығымыздан айырылып қалдық. Үлкен үзілістен кейін бұл жағдай қайталанды. Тәп-тәуір ойнадық, бірақ 3-тің аяғы мен 4-тің басында тағы да ойын тізгінін уысымыздан шығарып алдық. Бірақ одан кейін жанкештілік танытып, жеңіске жеттік.

Келесі матч: Жаңа жылдың бірінші дүйсенбісінде, яғни 4 қаңтар күні астана баскетболшылары өз алаңында Польшаның «Зелена Гурасын» қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасындағы қарымта кездесуін өткізеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Дереккөзі: www.pbcastana.kz

Бөлісу: