Жетім балалар арасындағы футболдан чемпионат

30.05.2014

30 мамыр күні сағат 12.00-де «Астана Арена» спорт кешенінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында футболдан 2-ші Республикалық чемпионат өтті. Жобаның ұйымдастырушылары «Бауыржан» қайырымдылық қоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан футбол федерациясы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі» республикалық мемлекеттік кәсіпорны.Іріктеу кезеңінің финалдық ойыны барысында «Арыстан» (№1 балалар үйі, Ақкөл) және «Есіл» (Есіл №2 балалар үйі) командалары арасындағы чемпионатты Есіл балалар үйінің командасы жеңіп алды. Енді олар бас жүлде – «Милан» футбол клубының тыныс-тіршілігімен танысу үшін таласуы керек.

Матчтың ашылуында «Астана Арена» стадионының басшысы Ерлан Құралбекұлы Жұмжаев өз сөзінде «Бауыржан» Қорына осы шараны бірлесіп ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ынтымақтасуға ниет білдірді.

Матч аяқталғаннан кейін «Сарыарқа» республикалық велотрегі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әкімшілігі ашық есік күні аясында турнирге қатысушыларға «Сарыарқа» велотрегіне танымдық саяхат ұйымдастырды.

Бұл жоба жетім балалардың физикалық ғана емес, моральдық рухын нығайтуға, олардың өз мүмкіндіктерін сынауға, күш-қуатын көрсетуге мүмкіндік беру, сол арқылы олардың болашаққа деген сенімділік сезімін дамытуға, түрлі мәдениеттерге қосылуға бағытталған. .

«Арманға қарай» - жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасындағы футболдан республикалық чемпионат. Өткен жылы жеңімпаздар Испанияға қайталанбас саяхат жасап, «Барселона» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, атақты «Камп Ноу» стадионында болды, бұл жетім балалар үшін ұмытылмас және өмірдегі ең жарқын оқиға болды.

«Сарыарқа» велотрегінің баспасөз қызметі


Бөлісу: