Орталықтың 2018 жылғы спорт саласындағы жетістіктері

26.12.2018

Орталықтың велосипед және бұқаралық спорт саласында жеткен жетістіктері

Бүгінде спорттық кешен жастар және жасөспірімдер құрама командаларын даярлайды, бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамытуға септеседі, халыққа дене шынықтыру-спорт қызметтерін көрсетеді.

Биылғы жылы «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК үшін табысты жылдардың бірі болды. Орталықтың тәрбиеленушілері әлемнің кілең мықты спортшыларымен бақ сынасып, дүбірлі додаларда жемісті жетістіктер көрсете білді. Еліміздің көк байрағы байрақты бәсекелерде талай мәрте жоғарыға көтеріліп, ел мерейі үстем болды.

Халықаралық жарыстардағы үздік жетістіктер туралы

Кәсіпорынның қызметіне сәйкес мақсатты 11 бағытта спортшыларды дайындау жүзеге асырылды. Олар: жасөспірімдер (тас жолы), жасөспірімдер (трек-спринт), жасөспірімдер (трек-темп), қыздар (тас жолы, трек), ұлдар (тас жолы, трек, маунтинбайк), қыздар (тас жолы, трек, маунтинбайк), андерлер (әйелдер), маунтинбайк, жастар құрамасы (трек-темп), жастар құрамасы (трек-спринт). Жалпы 14 облыстан 126 спортшы және Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан қатысты.

2018 жылы велошабандоздар 23 халықаралық жарысқа, соның ішінде жасөспірімдер арасындағы екі Әлем Чемпионатына, жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарына, жасөспірімдер мен жастар арасындағы алты Ұлттар Кубогына, жасөспірімдер арасындағы үш Азия Чемпионатына, жасөспірімдер мен жастар арасындағы төрт Азия Кубогына қатысты.

Бүгінде спортшыларымыздың жылдар ішінде алған асулары мен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық.  Әсіресе, тек орталықтың ғана емес қазақ елінің көк байрағын көтеріп, намысын қорғап жүрген тәрбиеленушілеріміз біздің мақтанышымыз. Әсіресе, Мьянмада, Малайзияда, Филиппинда өткен Азия Чемпионаттарында Д.Пронский, М.Курносова, А.Шапавалова, М.Гридчин, А.Чугай, Р.Дінмұхаметов, Швейцарияда өткен Әлем чемпионатында А.Чугай, Кореяда өткен Ұлттар Кубогы жарысында Г.Брусенский, Е.Федоров, Д.Пронский, Аргентинада өткен Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарында Г.Брусенский, Е.Федоров жеңісті тұғырдан көрінді.

Ағымдағы жылы орталықтың 8 спортшысы ҚР халықаралық деңгейдегі спорт шебері атанды. Ал ҚР спорт шеберлері - 24, ҚР спорт шеберіне үміткерлер – 15, ҚР бірінші дәрежелі спортшылар – 41 болды.

2018 жылы орталықтың велошабандоздары 105 медальды иеленді. Соның ішінде:

  • 36 алтын,
  • 38 күміс,
  • 31 қола.

Қазіргі таңда UCI рейтингі бойынша орталықтың жасөспірім спортшылары (тас жол) 10-шы орынға тұрақтады.

Бұқаралық спорт саласын дамыту

Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы тек кәсіби спортты ғана емес, халық арасында бұқаралық спортты дамытады.

Осыған орай, халық арасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында «Сарыарқа» велотрегінде жүзу, мәнерлеп сырғанау, шағын футбол, велоспорт және таеквондо секциялары ашылды.

Орталықта халық арасында спортты насихаттауға және оған тартуға көп көңіл бөлінуде. Осы мақсатта іс-шаралар ұйымдастырылды:

  • «ВелоЛайф» велосипедтен әуесқойлар жарысы,
  • Мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Олимпиадалық үміт» жарысы,
  • Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Ашық есік күні,
  • Секция тәрбиеленушілері арасында жүзуден «Юный дельфин» турнирі,
  • Мәнерлеп сырғанаудан балалардың жаңажылдық қойылымы,
  • Таеквондо секциясы балаларының аттестация тапсыруы және оларға белдікті беру.

Сондай-ақ, орталық түрлі спорт түрлеріне арналған плацдарм болып табылады. Қазіргі таңда кешенде 12 спорттық ұйымдар оқу-жаттығу процестері мен жиындарын өткізуде. 

Бүгінде велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы спортшылардың спорттық көрсеткіштері бойынша жетекші орталықтардың біріне айналып, еліміздегі ең үздік спорт нысандарының бірі болып танылды. Біздің даму жоспарымыз нәтижелерді арттыруға, азаматтарды спортқа тартуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Велосипед спортынан ОДО баспасөз қызметі

Бөлісу: