Әлем чемпионы Анна Ризатдиновамен сұхбат

18.06.2019

Рио-де-Жанейродан өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, шеңбермен жаттығу жасаудан Әлем Чемпионы, Әлемнің және Еуропаның бірнеше дүркін Чемпионы Анна Ризатдинова Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Сарыарқа» велотрегінде жас гимнастшыларға мастер-класс өткізді.

- Анна Сергеевна, Қазақстанға қош келдіңіз! Сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

- Анна, бұл Қазақстанға алғаш келуіңіз бе? Алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз?

- Бұл менің Қазақстанға үшінші сапарым және әр келген сайын мұндағы спорт ғимараттарына таңданысымды жасырмаймын. Ең алдымен спортқа ерекше көңіл бөлінетініне және даярлық орталықтарының жұмысына мән беремін. Мұнда спорттың әр түріне жеке ғимарат бар. Украинада да осылай болғанын қалар едім. Себебі,  бізде спорттың барлық түріне бір ғана спорт сарайы қызмет көрсетеді. Сіздің астаналарыңызда универсиада, гимназиадалар өткізуге барлық жағдай жасалған. Тіпті олимпиада қалашығын салуға да мүмкіндік бар. Маған халық пен мемлекеттің спортқа деген қарым-қатынасы қатты ұнайды. 

- Осы күндер ішінде жас спортышларға тәжірибе сабақтарын өткіздіңіз. Гимнастшылардың дайындығы қалай екен?

- Мен 2 жыл бойына барлық әлемді шарлап, сабақтар өткізіп келемін және әртүрлі деңгейдегі спортшы балаларды көрдім. Қазақстанда гинастикамен айналысатын қыз балалардың деңгейі өте жоғары десем болады. Өте мықты буын өсіп келе жатыр. Ең бастысы, олар қиындықтарға төтеп берулері керек. Бір қарағанда, бұл оңай болып көрінуі мүмкін, бірақ, көркем гимнастика психологиялық және физикалық тұрғыда өте ауыр спорт түріне жатады.

- Көркем гимнастикамен қа й жастан бастап айналысуға болады?

- Мен спортпен 5 жасымнан бастап шұғылданып келемін және осы 4-5 жас ең оңтайлы уақыт деп есептеймін. Бұдан ерте баладан олимпиада чемпионын жасауға тырысып керегі жоқ. Себебі, бұл алдын болжап білмейтін спорт түрі ғой. Жеке өзім алғашында әлем чемпионы боларымды білген жоқпын және 20 жасымнан кейін ғана жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Ең бастысы, бала әрбір жаттығуға бар ынтасымен келетіндей қызығушылығын ояту керек. Алғашқы уақыттарда дұрыс тамақтануды, жаттығуға баруын талап етпей, керісінше қолдау танытқан жөн.

- Сізге спортшы карьерасы ұнай ма әлде жаттықтырушы болғанды құп көресіз бе?

- Екеуі де оңай дүние емес. Қазір өткенге көз жүгіртсем, қалай қалыпты өмірден бас тартып, жаттығуларға бар уақытынымды арнағанмын деймін. Сен барлық нәрседен шектелесің – өміріңде тек қана спорт болады. Бұл оңай емес. Ал менің осылай 17 жылым өтіпті. Жалқаулыққа салынуға немесе ауыруға уақытың да, мүмкіндігің де болмайды – бар күшіңді салуың керек.  Мен олипиада ойындарына дайындық кезінде артық ештеңемен айналыспадым, көңіл бөлмедім, тіпті күлуден де қалдым. Себебі, ең басты мақсат – Рио-де-Жанейродан медаль алу болды. Олимпиадаға дейінгі 4 жыл ішінде сен айналаң үшін жабық адамға айналасың және бұл оңайға соқпайды. Ал қазір менің өмірім бұрынғыға қарағанда жайлы әрі қызықты: әр сәттен ләззат алудамын десем болады.

- «Сарыарқа» велотрегінде балаларға аналған көптеген спорт секциялары жұмыс істейді. Болашақ спортшыларға қандай кеңес бересіз?

-Өздерінің сүйікті істеріне толықтай берілу керек. Егер сізге қандай да бір спорт түрі ұнаса, 100% күш-жігеріңді жұмса дер едім. Сондай-ақ, уақытыңның көп бөлігін арнап, кейде ойын алаңдарынан, қыдырыстан бас тартуға тура келеді. Оның орнына спортзалға барып, жаттығу жұмыстарын жасасаң, өмір бойы жеткен жетістіктеріңмен мақтанып жүресің. Балаларың мен немерелеріңе жеңістерің туралы айтып беретін боласың. 

Әр адам бұл өмірге өз миссиясымен келеді. Ал спорт жастайыңнан өзіңді табуға көп көмектеседі.

- Қызықты сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз және жеке өміріңіз бен жаттықтырушы қызметіңізде сәттілік тілейміз!

Велоспорт спортынан

Олимпиадалық даярлау орталығының

баспасөз қызметі

Бөлісу: