«Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар Одағы» ЗТБ Президенті тағайындалды

26.12.2019

Бүгін, яғни 26 желтоқсанда «Сарыарқа» велотрегінде «Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар Одағы» ЗТБ кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Аталған кездесуде Федерацияның жаңа басшысы тағайындалды. Бұл орынға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Смайылов  Әлихан Асханұлы сайланды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңа сайланған Федерация Президентіне қызметте сәттілік тілеп, аталған Федерация жұмысының аса маңызды екеніне тоқталды.  Президенттік тестілердің ұлт денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына шақыруда аса маңызды екенін жеткізді.

«Әлихан Асханұлы Сізді аталған Федерацияның Президенті қызметіне тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілері күшті, төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті көрсететін дене шынықтыру жаттығуларының түрлерін қамтиды және жеке адамдардың жасына байланысты деңгейлерден тұратынын атап өткім келеді. 2019 жылы Қазақстан Республикасы  Тұнғыш Президенті Елбасының тестілерін тапсырудың 2-тоқсаны бойынша 3463690 адам қатымты, оның ішінде 49387 адам Президентік деңгейдегі нормативтерді орындады, оның ішінде ауылдық жерлерде 19602 адам, 145222 адам ұлттық деңгейдегі нормативтерді орындады, оның ішінде ауылдық жерлерде 67421 адам, бастапқы деңгейдегі нормативтерді 348009 адам орындады, оның ішінде ауылдық жерлерде 134902 адам орындады.»,-деді министр Ақтоты Рахметоллақызы.

Сондай-ақ, іс-шара барысында Президенттік деңгейдегі нормативтерді үздік орындап шыққан қызметкерлер арнайы төсбелгілермен марапатталды. Оның ішінде велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының қызметкері, «Сарыарқа» фитнес-орталығының меңгерушісі Заур Алимжанов та болды.

Айта кетейік, биыл  барлық федерациялар спорттық саралаудан өтіп, соның ішінде Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациясы жоғары нәтижелерімен В тобына енді.

Бөлісу: