Қазақстандық журналистер әлем алпауыттарымен бірлескен жаттығу жұмыстарын жүргізді

09.09.2019

9 қыркүйекте «Сарыарқа» республикалық велотрегінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-тур өтті. Мұнда 36 елден келген 120 балуан халықаралық деңгейде оқу-жаттығу жиындарын жүргізіп жатыр.  Пресс-тур барысында журналистер әлемдегі ең мықты балуандармен бірлескен жаттығу жұмыстарын жүргізді. ОЖЖ қатысушыларының арасында Жамбыл күрес мектебінің тумасы, қазіргі Бразилия грек-рим күресі командасының мүшесі Марат Гарипов та бар. Сонымен қатар, кубалық еркін күрес балуаны, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Американың бірнеше дүркін чемпионы, спорттық мансабын аяқтаса да, қазіргі уақытта Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаттықтырушысы қызметінде жүрген Алексис Родригес Валера, U23 бойынша әлем чемпионы Юдарис Санчез Родригес және тағы басқалары бар. ОЖЖ ұйымдастырушылары Қазақстан күрес федерациясымен бірге Біріккен күрес әлемі (UWW) болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі бойынша Әлем Чемпионаты өтеді. Нұр-Сұлтандағы бұл турнир Жапонияның астанасында өтетін Токио-2020 Олимпиада ойындарына арналған алғашқы кәсіби біріншілік болатындығымен ерекшеленеді.

Олимпиадалық ойындарға жолдама алу үшін аталған Әлем чемпионатында 100 елдің 1002 мықты балуаны бақ сынайды. Ауқымды іс-шара елорданың көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.

Бөлісу: