Қазақстандықтар Ұлттар Кубогы-2018 жарысында жеңіске жетті

04.09.2018

Естеріңізге салсақ, Қазақстан құрамасы Корея елінде өткен Ұлттар Кубогы - 2018 халықаралық жарысына (тас жолы) қатысты.

Төрт күндік байрақты бәсеке нәтижесінде еліміздің намысын қорғаған спортшыларымыз жүлделі орындарды қанжығасына байлады.

Атап айтсақ, жарыстың алғашқы кезеңінде мәре сызығын бірінші болып кескен Глеб Брусенский 1 орынды, ал Евгений Федоров тау аралығындағы жарыста 2 орынды иеленді.

Жарыстың екінші кезеңінде Евгений Федоров 2 орынды, Глеб Брусенский 3 орынды місе тұтты.

Жарыстың үшінші кезеңінде Евгений Федоров, Даниил Пронский, Глеб Брусенский барлық 1-2-3 жүлделі орындарға ие болды.

Төртінші кезеңде  біліктілік бойынша 1 орынды Глеб Брусенский, 2 орынды Даниил Пронский, 3 орынды  Евгений Федоров еншіледі.

Сондай-ақ, Евгений Федоров тау аралығындағы жарыста  жеңіске жетіп, ең үздік велошабандоз атанды.

Ал, тартысты додада өнер көрсеткен өзге қатысушылар біліктілік бойынша Болат Ниязов 9 орынға, Нұрберген Нұрлыхасым 12 орынға және Максим Попугаев 43 орынға тұрақтаған болатын.

Жарыстың ақтық сынында ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 1 орынды иеленді.

Велошабандоздарды жемісті жеңіспен құттықтаймыз! Алдағы уақытта алар асулары биік болсын демекпіз.

Велосипед спортынан олимпиадалық

даярлау орталығы» РМҚК баспасөз қызметі

Бөлісу: