«Халықаралық отбасы» күні мерекесіне арналған спорттық турнир өтті

17.05.2019

Бүгін «Халықаралық отбасы» күні мерекесіне орай «Сарыарқа» велотрегінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің отбасылары арасында футбол мен волейболдан, Асық атудан турнир өтті.

Шараның ашылу салтанатында «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК директоры Бекболат Байжанов барлық жанұяны мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шара барысында орталықтағы футбол және таеквондо секцияларының тәрбиеленушілері балаларға арналған ашық шеберлік сыныбын көрсетті.

Жарыс қорытындысына сәйкес Асық ату және бес асықтан Байжұмановтар, Сүлейменовтар, Әбеновтар, Жүсіповтар отбасы жүлдегер атанды.

Ал футболдан 1 орынды «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» командасы қанжығасына байлады. 2 орынды «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» командасы иеленсе, 3 орынды «Спортты дамыту дирекциясы» командасы місе тұтты.

Волейболдан «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының» командасы қарсыластарына есе жібермей, жеңіске жетті.

Барлық қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.


Велосипед спортынан ОДО баспасөз қызметі

Бөлісу: