Велошабандоздарымыз Олимпиада ойындарында ел үмітін ақтады

18.10.2018

Естеріңізге салсақ, 6-18 қазан аралығында Аргентинада III жазғы Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындары өтті. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған велошабандоздар жемісті жетістік көрсете білді. Спортшылар тас жолдағы велоспорт пен маунтинбайктен тұратын аралас жарыста, жұптық-командалық сында, топтық жарыста, маунтинбайктен және критериумнен қарсыластарымен бақ сынаған болатын.

Қорытынды нәтижесінде, қос спортшы Глеб Брусенский және Евгений Федоров жарыстың бес түрі бойынша сынға түсіп 1 орынды, ал критериум бойынша 2 орынды иеленді. Бұл ел тарихында қалатын үздік көрсеткіш. Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарында тұңғыш рет қос велошабандоз алтын медальды Қазақстан қоржынына салды. Спортшылардың жеңіске жетуіне Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының бапкерлер құрамасы елеулі үлес қосты.

Сонымен қатар, Марина Курносова және Светлана Пащенко жарыстың бес түрі бойынша 149 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады. Алтын медальды Дания елінің спортшылары қанжығасына байлады. Күміс медаль австриялықтарға бұйырса, Венгриялық велошабандоздар қола медальды місе тұтты. 

Ендеше, орталықтың спортшылары мен бапкерлер құрамын үздік нәтижемен құттықтаймыз! Алдағы уақытта дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспіз. Еліміздің көк байрағы мәңгі желбірей берсін!

Велосипед спортынан ОДО баспасөз қызметі

Бөлісу: