Астананың 20 жылдығы мерекесімен құтықтаймыз!

04.07.2018

Құрметті қазақстандықтар!

Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған елордамыз – Астана биыл 20 жылдық белесіне шығады.

Астананың қазіргі күн санап биіктей түскен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқағандайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне де барлық қазақстандықтар үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Бүгінгі таңда елдің төрі - елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Астана - қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімізді тебірентеді, мерейімізді тасытады. Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар таңданыспен қарауда. Астана ЮНЕСКО бойынша ең қолайлы, әлемдік  қала ретінде танылды. Бұл біздің ортақ жетістігіміз. Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз.

Құрметті отандастар! Сіздерді шын жүректен Астана күнімен құттықтаймыз. Жарқын қаламыз одан әрі өркендей берсін, біз ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. қуанышқа толы мереке күні Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілейміз.

Құрметпен, «Велосипед спортынан 
олимпиадалық даярлау орталығы» 
РМҚК әкімшілігі

Бөлісу: