Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

20.03.2018

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, бақыт әкелсін! Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына  қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Шығыс жұртына ортақ мереке - Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан - дүниемізді шуаққа бөлейді, ой - ниетімізді таза арнаға бұрады. Наурыздың өзіне тән салтына сәйкес әрбір адам өткен өкпелерін ұмытып, татуласады. Үлкендердің ақ батасын алып, бір-біріне ізгі тілек айтады. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды.

Құрметті қауым, барлықтарыңызға татулық, береке-бірлік тілейміз. Жастарыңыз ұзақ, көңілдерініз көтеріңкі, аспандарыңыз ашық болсын!

Құрметпен, «Велосипед спортынан
олимпиадалық даярлау орталығы»
РМҚК әкішілігі

Наурыз мерекесі туралы қызықты мәлеметтер:

Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі.  "Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны береді. Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді.

Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені "Бәйшешек", "Гүлгардон" не "Гүлнавруз", татарлар "Нардуган", бирмалықтар "Су мейрамы", хорезмдіктер "Наусарджи", буряттар "Сагаан сара", армяндар "Навасарди", чуваштар "Норис ояхе" деп атаған.

Ежелгі жыл санағы бойынша, 22 наурызда күн мен түн теңеседі.Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, Әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған. Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген. 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты. Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берді.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір‑бірімен кездескенде:

Наурыз құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле‑жала жерге енсін! –

деп құттықтап ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады; ал әйелдер болса құшақтасады; ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көпкөже (наурыз көже) пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс‑жидектер) және қызылдан (еттен істелген)  жеті түрлі тағамдар қойылады.

Бөлісу: