Бүгін Қазақстан құрамасы жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына аттанады

06.01.2020

Нұр-Сұлтан,  6 қаңтар – Бүгін елордада 9-22 қаңтар күндері Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін жасөспірімдердің ІІІ қысқы Олимпиадасына Қазақстан құрамасы ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, бапкерлер мен ең жас спортшылар қатысты.

Алдағы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен 27 атлет (15-18 жас аралығы) қатысады. Ойынның ашылу және жабылу салтанаты әлем халқының олимпиадалық астанасы саналатын Лозаннада өтеді. Сондай-ақ, Лозанна Университетінің аумағында Олимпиадалық қалашық орналасады.

«Жасөспірімдер Олимпиадасы үлкен спорттық мерекенің рухы мен атмосферасын сезінуге мүмкіндік беретін керемет дода. Бұл тәжірибе болашақта спортшыларымыз үшін үлкен көмек олары сөзсіз. Өйткені, сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайтын болашақ жеңімпаздарсыздар», - деп атап өтті ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Ресми шығарып салу рәсімінде Қазақстан туы 18 жастағы шорт-трекші Санжар Жанысова табысталды. Еліміздегі ІІІ қысқы Жастар ойынының жеңімпазы барша спортшылар атынан сөз сөйледі.

ІІІ қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2020 жылдың 9-22 қаңтары аралығында өтеді. Аталған жарыста әлемнің 70 мемлекетінен 15-18 жас шамасындағы 1880 спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасына спорттың 16 түрі енген.

Айта кетелік, 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында қазақстандықтар төрт медаль жеңіп алды. Команда спортшылары бір күміс және үш қола еншілеген. Конькимен жүгіруден аралас командалық жарыста Анвар Махамадеев күміске қол жеткізсе, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, биатлоншы Арина Пантова мен шорт-тректен аралас командалы сында Анита Нагай қолаға жүлдегер атанды.

www.olympic.kz

Бөлісу: