«Нұр-Сұлтан» ОДО: Еркін күрес

27.04.2021

Құрметті спорт жанкүйерлері, бүгіннен бастап сіздерге «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының  қарамағындағы спорт түрлері, спортшылар құрамы және жаттықтырушыар туралы толығырақ ақпарат беретін боламыз.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның негізгі мақсаты еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, таеквондо, дзюдо, каратэ WKF, тасжолдағы велосипед спорты, тректегі велосипед спорты, маунтинбайк, академиялық есу, байдаркамен каноэде есу, байдаркамен каноэде есу слаломы, оқ ату, стенд ату, садақ ату, триатлон, жеңіл атлетика бойынша спортшылардың шеберлігін арттыру үшін жыл бойына орталықтандырылған даярлық жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу, бұқаралық спорт түрлерін халық арасында насихаттау болып табылады.

Бүгінгі санымыз «Еркін күрес» бөліміне арналады.

Еркін күрес дегеніміз.

Еркін күрес - диаметрі 9 метр арнайы кілемде өтетін жекпе-жектің бір түрі. «Еркін күрес» деп балуандардың  кілем  үстінде әдіс қолдануы еркін жасалынатындықтан  аталған. Мұнда дүниежүзі  халықтарының күрес түрлерінің әдістерін  түгел қолдануға рұқсат етіледі. Еркін күресте белдескен  балуандар ұпай санымен немесе қарсыласының жауырын кілемге тигізіп, таза жеңіске  жетеді.

Бұл жекпе-жек түрі 19 ғасырдың аяғында  Англияда пайда болып, 1904 жылы алғаш рет Сент-Луистегі (АҚШ) жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енгізілді.

Ал Қазақстанда  еркін күрес жарыстары 1955 жылдан өтіп келеді. 1956 жылы өткен КСРО халықтары спартакиадасында Қ. Байдосов, Ж. Ысқақов  жүлделі болған еді.

"Нұр-Сұлтан" Олимпиадалық даярлау орталығында  «Еркін күрес» бөлімінде спортшылар 2 жас тобы бойынша даярлықтан өтеді:

  1. жасөспірімдер, кадеттер (15-17 жас);
  2. жастар, юниорлар (18-20 жас).

Жастар, жасөспірімдер - 20 спортшы. Аға жаттықтырушылар-Құрамысов Мадияр, Жақыпов Самат.

Жасөспірімдер, кадеттер - 20 спортшы. Аға жаттықтырушылар-Кешубаев Еркебұлан, Маханбетов Карисбек.

Біздің құрамада Әлем Чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері бар.  Атап айтар болсақ:

  • Кадеттер арасында Әлем чемпионаты (2018): Жалғасов Бекзат  - 3 орын;
  • Кадеттер арасында Азия Чемпионаты: Есенгелді Асылжан - 2 орын, Гафуров Юнус - 2 орын, Ильясов Ислямбек - 3 орын.
  • Кадеттер арасында Әлем чемпионаты (2019): Ахмаджанов Жахонгир -  2 орын; Тажи Бекзат - кадеттер арасында Әлем чемпионатынан 3 орын (2019);
  • Кадеттер арасында Азия Чемпионаты: Базарбаев Мерей - 3 орын, Төлегенов Ақниет - 3 орын, Олжаханов Олжас - 3 орын, Қуанышбай Нұрдаулет - 3 орын.

Еркін күрес шеберлері жоспар бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, кезекті сайыстарға дайындықтарын шыңдап жатыр. Ал біз келесі санымызда грек-рим күресі туралы ақпарат беретін боламыз. Назарларыңызға рақмет!

Бөлісу: