Веломаусымның қызған шағы. Ал сіз әлі неден бастау керектігін білмейсіз бе?

20.05.2020

Мүмкін байқаған да боларсыз - астана көшелерінде кәнігі автокөліктерге альтернатив бола алатын, әлеуметтік және экологиялық маңызы орасан осынау транспорт түрі күннен күнге көбейіп келеді. Осы мақалада сіз бірқатар пайдалы ақпарларға қанық боласыз, нақтырақ айтқанда,  "Astana bikе", "Велотоп Астана" жобалары жайында, велосипедтерді жалға алатын жерлер және олардың баға тарифтері туралы, сонымен қатар, қаладағы велосипед тебуге арналған жерлер туралы сөз қозғаймыз.

Ең алдымен, велосипедті белсенді демалыстарын велосипед теуіп өткізгісі келетіндер үшін қандай маршрутты таңдаған дұрыс?

Бірқалыпты велоқыдырулар үшін 2016 жылдан бастап пайдалануға берілген Astana Triathlon Park керемет таңдау деуге болады. Мұнда жүгіруге және велосипед тебуге арналған арнайы жолақтар бар. Аталған саябақтың жалпы ұзындығы 7 км, ал ені 2,4 км. құрайтынын ескерсек, бұл әуесқой-велосипедші үшін өте жақсы мүмкіндік екені даусыз. Ал, "Жетісу" саябағында спортсүйер жүртшылық үшін 1200 метрлік веложолақ бар. Қыстың күндері бұл жер шаңғы тебетін жол ретінде пайдаға асады. Мүмкіндік болса, бұл жерге де велосипедіңізбен бірге барып, байқап көріңіз. Ал егер сіз асығыстықты қажет етпейтін, жаныңызға жайлы ортада велосипед тепкіңіз келсе, Президент саябағы сіз үшін таптырмас орта болары сөзсіз. Мұнда сіз өз сапарыңыз барысында қаланың әдемі көріністеріне де қанық бола аласыз. Тура осыған ұқсас картинаны Есіл жағалауында орын тепкен Орталық саябақтан да тамашалауға болады. Мұндағы арнайы веложолақтар сізді  осы аумақтың ең көрікті жерлеріне бастайтын болады. Өйткені, бұл тек қана көзді емес, көңілді де қуантып, жан-дүниеңді ерекше сезімдерге бөлейді емес пе?! Осы маңның ең ерекше нысандарының бірі саналатын "Атырау көпірі" өз алдына бір төбе! Көпір Есіл өзеніне басқа ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бірақ, бір ескеру керек жайт - мұнда адамдардың көп жүретінін ескеру қажет. Яғни, жылдамдықты жаны сүйетіндер үшін абай болыңыздар дейміз!

Велошерулер үшін ұсынар тағы бір нүкте - астанамыздағы ең жас әрі ең үлкен демалыс орындарының бірі саналатын  Ботаникалық саябақ. Мұнда Еуропа, Азия, Солтүстік Америкадан әкелінген 90 мыңға жуық ағаштар отырғызылған, ал осы жасыл желектің арасында жүгіруге және велосипед тебуге арналған жолақтар жүргізілген. Веложолақтардың жалпы ұзындығы 11 километрге жуықтайды.

Ал егер сіз қаланың у-шуынан тыныққыңыз келсе, Қорғалжын тас жолының 5 км-де, "Ильинка" шағын ауданына қарама-қарсы орналасқан "Астана Орманына" барсаңыз болады. Бұл аумақ тек қана велошерулер үшін ғана емес, сондай-ақ, таза ауада, табиғат аясында отырыс жасауға да керемет орын.

Велосипед тебу тек денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй үшін ғана емес, жұмысқа кептеліссіз, тез уақыт ішінде жетуге жағдай жасайтын көлік құралы. Егер бұл ойымызды құптасаңыз, сіз үшін Astana bike жобасының жұмыс істейтінін қуана хабарлаймыз. Аталмыш жоба қала тұрғындары мен қонақтарына жалға велосипедтер береді. Қазіргі таңда қала бойынша 50 велотұрақ пен 200 велосипед пайдалануға берілді. CTS компаниясының хабарлауы бойынша, жобаны жүзеге асыру 3 кезеңмен жүзеге асады. Маусым айына қарай жалға беру көлемі үш есе көбейеді: тұрақтар саны 155-ке, ал велосипедтер саны 700-ге дейін артады деп жоспарлануда.

Жалға алу қызметін пайдалану үшін алдымен жүйеге тіркелу қажет. Ол үшін www.velobike.kz сайтына кіріп, өзіңіз туралы мәліметтерді енгізіп, көпшілікке ортақ келісімшарт шарттарымен танысасыз. 16-жастан асқан кез келген азамат тіркеуден өте алады. Тарифтік жоспарлармен танысып, абонементтер сатып алу үшін сайтты немесе City Transportation Systems кассаларының қызметін пайдалануға болады. Велосипедтік жалға алу қызметі тәулік бойына қызмет ететінін де ескеруіңіз керек. Велотұрақтардың барлық нүктелері "2gis" қосымшасында көрсетілген. (Басқа да ақпараттарды www.velobike.kz ресми сайтынан немесе @cts_kz инстаграм-парақшасынан оқи аласыз).

Ал велоспорттың нағыз жанкүйерлері үшін астанада "Велотоп Астана" жобасы жұмыс жасайды. Бұл - велосипедке деген махаббаттары ерекше жандарды біріктіріп, бастарын қосатын ашық әлеуметтік топ. Олардың негізгі міндеттері  велосипедке қатысты барлық жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар етуге және бұқара арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған және достар арасында веломәдениет қалыптастыру болып табылады. Бонус ретінде сіздерге жақында "Велотоп Астананың" ұйымдастыруымен, Велосипед күніне орай өткізілетін іс-шара туралы хабарлағымыз келеді. (Жыл сайын 3 маусым күні аталып өтетін Дүниежүзілік велосипед күні (World Bicycle Day), 2018 жылдың сәуірінде БҰҰ Бас Ассемблеясының шешімімен бекітілген. Ол 56 мемлекеттің келісімімен қарастырылған). Іс-шара 6 маусым күні, сағат астана уақытымен 12:00-де өткізіледі. Жиналатын орны - Салтанат неке қию сарайы. Толығырақ ақпарат үшін келесі сілтемеге өтіп, нақтылап алуға кеңес береміз: https://vk.com/velotop_astana.

Ал біз өз кезегімізде, карантиндік шектеулер толығымен алынып тасталғаннан кейін, велоспорт бойынша секциялардың қайта іске кірісетінін хабарлаймыз. Жаттығу жұмыстарын арнайы дайындықтан өткен, жоғары кәсіби білігі бар мамандар жүргізеді. Естеріңізге сала кетейік, біздің секцияларымыз 2 жасар баладан бастап әуесқой-ересектерге де арналады.

Бұл мақаланың сізге пайдалы болғанына сенеміз. Енді сіз барлық қажетті ақпараттармен жарақтандыңыз десек болады! Ендігі қалғаны -  велосипедіңізді алып, жылдам өз саяхатыңызды бастап кету ғана! Сізге сәттілік тілейміз! Денсаулығыңызды күтіңіз!

Бөлісу: