Жасөспірімдер мен қыздар арасындағы турнир өз мәресіне жетті

20.04.2019

16-20 сәуір аралығында орталық әкімшілігінің ұйымдастыруымен алғаш рет кәсіби велошабандоздар (13-16 жас аралығындағы жасөспірімдер мен қыздар) арасында велосипед спортынан тректе турнир өтті.

Дүбірлі доданың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, елімізде велосипед спортын кеңінен насихаттау, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, құрама команданы қалыптастыру үшін мықты спортшыларды дайындау, Елбасы Жолдауын іске асыру және балалар-жасөспірімдер спортын жан-жақты дамыту.

Аталмыш жарыс халықаралық UCI және Қазақстан Республикасының ережесіне сәйкес өткен болатын.

Байрақты бәсекеге еліміздің Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан келген 80-нен астам спортшы қатысты. Велошабандоздар ізге түсуден жекелей және топтық сында, шығып қалудан топтық жарыста, кейрин, топтық жарыс, скретч, гит, спринт, ұпай бойынша топтық жарыста сынға түсті.

Төрт күндік тартысты доданың нәтижесіне сәйкес 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 3 шм ізге түсуден топтық жарыста 1 орынды Кенже Жанбыршы, Дмитрий Васильев, Кирилл Стрельченко, Егор Стрельников (Нұр-Сұлтан қаласы), 2 орынды Илья Карабутов, Александр Мусабаев, Дмитрий Скворцов, Максим Полохов (Қарағанды облысы), 3 орынды Евгений Яковенко, Альберт Нелис, Виктор Сквирский, Олег Лихтенберг (Нұр-Сұлтан қаласы) иеленді. 
Барлық жеңімпаздар 1,2,3 дәрежелі дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Жеңімпаз ұл-қыздардың есімі көрсетілген тізімді вконтакте әлеуметтік желісінен көре аласыздар.


Велосипед спортынан ОДО баспасөз қызметі


Бөлісу: