Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалыптастыру жөніндегі мақалалар
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық заманауи қоғамның өзекті мәселесі болып табылады. Ол үнемі терең зерттеуді, белсенділікті және оған қарсы тұруды қажет етеді. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған мемлекеттік бағдарламалар 1998-2018 жылдардағы Заң актілеріне сәйкес жемқорлыққа қарсы әлеуетті көтеруге және оны іске асыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталды. Соңғы уақытта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін белгілі бір заңнамалық база қалыптастырылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында нормативтік құқықтық база жиырмадан астам заң арқылы жетілдірілді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылдың 19 қазанындағы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалынды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды өткізу мақсатында аталмыш кәсіпорында директор орынбасарының басшылығымен ортақ басшылықты және үйлестіруді көздейтін жұмыс комиссиясы құрылды. Осыған орай жұмыс тобымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша ҚР Еңбек кодексі, заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілер қарастырылды.
«Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар құжатында келесідей стандарт бекітілген: кәсіпорын қызметкерінің өзін-өзі ұстау ережесі, заңды және жеке тұлғалардың заңдық, құқықтық қызығушылығын іске асыру, басқарушылық және өзге де шешімдерді дайындау, қабылдау.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсанындағы №986 «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында кәсіпорында 2017-2018 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шараларды өткізу жоспарға алынды. Жоспарға сәйкес келесідей шараларды өткізу қарастырылған: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша заңнамалық нормаларды түсіндіру, кәсіпорынның қызметіне қатысты заңдарды, құқықтық жалпы оқытуды ұйымдастыру, кәсіпорынның бағынысына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарындағы негативті материалдарға мониторинг жүргізу, кәсіпорынның қызметі жайлы сайтты уақтылы ақпаратпен қамтамасыз ету және сыбайлаc жемқорлыққа қарсы бағытталған мәселелер бойынша айдарларды жаңарту.
2018 жылдың 28 сәуірінде «Болашақ парасыз. Бірге!» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттау мақсатында ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысымен, кәсіпорынның қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. 2017 жылы қызметкерлерге кәсіпорында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және пайда болуын ескерту мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша заңнама» тақырыбында баяндама оқылды, ақпараттық дәрістер өткізілді.
2017 жылдың 7 қарашасында кәсіпорында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шаралар жоспарын орындау аясында республиканың барлық спорттық ұйымдарындағы қызметкерлеріне арналған «Сыбайлас жемқорлық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында республикалық семинар өткізілді. Шара барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасау бойынша басшылықтың шешімімен велосипед спорты бойынша бапкерлердің жұмыс жасау шарттарын және қонақ үйде тұру үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысу төлемін жою туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда спортшылар мен бапкерлердің тұруға байланысты жүргізілетін төлем қолма-қол ақшасыз шарттық негізде ұсынылатын болады. Кәсіпорын ғимаратының кіреберісінде азаматтардың өтініші мен шағымдарын қабылдау жәшіктері орнатылған, арнайы бұрышта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша ақпарат орналастырылған.
Алдағы уақытта жылдағы жоспарға сәйкес аталмыш тақырыптарда түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты ақпарат беру және оны қоғамға насихаттау басты жоспарға алынбақ. Тақырып төңірегінде түрлі дәрістер, семинарлар өткізу, баяндама оқу күн тәртібіне енгізілмек. Осыған орай Қазақстан Республикасының Заңнамасында көрсетілгендей біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оның мүлдем қоғамымызда туындамауына септесуіміз қажет,тиісті деңгейде жұмыс атқарылуын қадағалауымыз керек.
Серік Жұмағазыұлы ӘБДІРАХМАНОВ,
«Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК сыбайлас жемқорлық қатерлерін ішкі талдау бойынша жұмыс
тобының мүшесі
«Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ.