Жүріп-тұру ережелері

«Сарыарқа» фитнес орталығының ережелері
1. Жалпы ережелер

Осы Ережелер (бұдан әрі – Ережелер) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Астана» олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты «Сарыарқа» фитнес орталығының (бұдан әрі – Фитнес орталығы) келушілері үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ келушілер мен қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін айқындау мақсатында әзірленді.

Фитнес орталығының жұмыс уақыты – сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін. Дүйсенбі – санитарлық (тазалық) күн.

Фитнес орталығына кіру жұмыс уақыты аяқталғанға дейін 90 минут бұрын тоқтатылады (сағат 21:30-да).

Жаттығуларды жұмыс уақыты аяқталғанға дейін 30 минут бұрын аяқтау қажет. Келушілер белгіленген уақыттан кешіктірмей Фитнес орталығынан шығуға міндетті.

14 жасқа дейінгі балалар бассейнге тек заңды өкілінің (ата-анасының) сүйемелдеуімен жіберіледі. Жүзу секциясына қатысатын балалар сабақтарға өз бетінше қатыса алады. Бір ересек адаммен бірге 2 баладан артық кіргізілмейді.

Бассейнге кіру – 7 жастан бастап, жаттығу залына кіру – 14 жастан бастап рұқсат етіледі.

14 жасқа дейінгі балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бассейн аумағында оларды ертіп жүрген тұлға толық жауапкершілік көтереді.

Фитнес орталығының келушілері жалпыға ортақ әдеп пен мінез-құлық нормаларын қатаң сақтауға міндетті.

Қандай жағдай болмасын, қатты немесе агрессивті сөйлеуге, балағат сөздер қолдануға, жеке тұлғаға, дінге немесе ұлтқа қатысты қорлау мен тиісуге, сондай-ақ Фитнес орталығы аумағында жүрген кез келген адамның, оның ішінде қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмейді. Төбелеске қатысуға және қоғамдық тәртіпті бұзатын, келушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де заңсыз әрекеттер жасауға тыйым салынады.

Алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде, сондай-ақ олардың қалдық әсері бар жағдайда Фитнес орталығы аумағында болуға рұқсат етілмейді.

Фитнес орталығы аумағында темекі шегуге, электронды темекілерді және темекі қыздыру жүйелерін пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Фото және бейнетүсірілім жүргізу үшін Фитнес орталығы әкімшілігінен жазбаша рұқсат алу қажет. Түсірілген материал Фитнес орталығының және оның келушілерінің іскерлік беделі мен абыройына нұқсан келтірмейтін мақсатта ғана пайдаланылуы тиіс.

Келушілерге қызметтік және техникалық бөлмелерге кіруге, сондай-ақ инженерлік-техникалық жабдықтарды өз бетінше қозғауға немесе реттеуге тыйым салынады.

Келушілер жаттығу басталар алдында тіркеу үстелінен өтіп, деректер базасында белгіленуі тиіс.

Келушілер өз денсаулық жағдайы үшін жеке жауапты. Фитнес орталығында болған кезде денсаулығы нашарлаған жағдайда, бұл туралы орталық қызметкерлеріне дереу хабарлауы қажет.

Абонементтік карталар 14 жасқа толған тұлғаларға сатылады. Абонемент картасын заңды өкілінің қатысуымен сатып алуға рұқсат етіледі.

Фитнес орталығының мүлкі мен жабдықтарына зиян келтірілген жағдайда, келтірілген залал үшін келуші толық жауапкершілік көтереді.

Фитнес орталығы аумағында ұмытылып кеткен заттар табылған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн бойы сақталады. Белгіленген мерзімде талап етілмеген жағдайда, Фитнес орталығы олардың сақталуына жауапты болмайды. Қараусыз қалған немесе жоғалған заттар үшін Фитнес орталығы жауапкершілік алмайды.

Осы Ережелерді жүйелі түрде бұзған жағдайда, Фитнес орталығының әкімшілігі Шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы. Бұл жағдайда төленген қызметтердің құны қайтарылмайды.

2. Қызметтер көрсету шарттары

Фитнес орталығының қызметтері Фитнес орталығы мен Келуші арасында жасалған Шарт негізінде немесе Келушінің Фитнес орталығы бекіткен ақпараттық параққа қол қоюы арқылы бір реттік келу негізінде көрсетіледі.

Фитнес орталығына кіру тек абонементтік картаны немесе бір реттік келу үшін төлем жасалғанын растайтын түбіртекті ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Абонементтік карта жоғалған жағдайда, Келуші оны ақылы негізде қалпына келтіруге міндетті.

Шкафтың электрондық кілті абонементтік картаға айырбасталып беріледі, ал бір реттік келу кезінде – бағалы затқа (кілттер және т.б.) айырбасталып беріледі. Келуші Фитнес орталығынан шығар алдында шкафтың кілтін рецепция үстелшесіне тапсыруы тиіс. Шкафтың кілті жоғалған жағдайда, оның құны бекітілген баға прейскурантына сәйкес өтеледі.

Фитнес орталығында ақы төленген уақыттан артық болу (бір реттік келу) ақылы болып табылады және шығу кезінде бекітілген баға прейскурантына сәйкес төленеді. Қосымша ақы әрбір толық немесе толық емес 60 минут (1 сағат) үшін алынады.

Сүлгілер абонементтік карталардың иелеріне және бір реттік келу негізінде келген келушілерге бір рет беріледі. Келуші Фитнес орталығынан шығар алдында сүлгіні рецепция үстелінің жанында орналасқан арнайы жәшікке салуы тиіс. Сүлгі жоғалған немесе бүлінген жағдайда, баға прейскурантына сәйкес айыппұл салынады.

Қызметтерді жеңілдік негізде пайдаланатын келушілерге сүлгілер берілмейді. Олар  қажетті жеке керек-жарақтарын өздері алып келуі тиіс.

Абонементтік карта үшінші тұлғаларға берілмеуі қажет. Абонементтік картаны үшінші тұлғаға беру фактісі анықталған жағдайда, Фитнес орталығы картаны біржақты тәртіппен алып қоюға және оның қолданылуын тоқтатуға құқылы.

Gold және Platinum абонементтік карталарының иелері сатып алынған абонемент шеңберінде күніне 1 (бір) адамға дейін өзімен бірге алып келуге құқылы. Әрбір шақырылған адам үшін 1 (бір) келу абонементтік есептен алынады.

Абонементтік картаны басқа тұлғаға қайта ресімдеуге ақылы негізде рұқсат етіледі.

Жеңілдікпен сатып алынған абонементтік карталар тек сол санаттағы тұлғаларға ғана қайта ресімделуі мүмкін.

Жеке немесе топтық сабақтарға арналған абонементтік карталар үшінші тұлғаларға рәсімделмейді.

Gold және Platinum абонементтік карталарының қолданылуын Келушінің жазбаша өтініші бойынша 1 (бір) ретке дейін тоқтата тұруға (мұздатуға) болады. Мұздату мерзімі 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайды.

Bronze және Silver абонементтік карталары Фитнес орталығының кінәсінен қызмет көрсетілмеген жағдайларды қоспағанда, тоқтатуға (мұздатуға немесе ұзартуға) жатпайды.

Егер Келуші қолданыстағы абонементтік картаны пайдаланудан бас тартса және оны үшінші тұлғаға қайта ресімдеуді жоспарламаса, пайдаланылмаған күндер үшін төленген ақшалай қаражат қайтарылмайды.

3. Бассейнге бару ережелері

Бассейнде жүзуге тек жүзуге арналған арнайы киіммен және жүзу бас киімімен ғана рұқсат етіледі.

Бассейн аумағына тек таза ауыстырмалы аяқ киіммен (сланцы) кіруге болады. Ауыстырмалы аяқ киімі жоқ келушілер бассейнге жіберілмейді.

14 жасқа дейінгі балалар бассейнге тек заңды өкілінің (ата-анасының) сүйемелдеуімен жіберіледі, нұсқаушымен өткізілетін топтық сабақтарға қатысатын балаларды қоспағанда. Бір ересек адаммен бірге екі баладан артық кіргізілмейді.

Бассейнге кірер алдында және шыққаннан кейін міндетті түрде душ қабылдау қажет.

Келуші жүзу дағдыларын білмеген жағдайда, бұл туралы құтқарушыны немесе нұсқаушыны алдын ала ескертуі тиіс.

Топтық жаттығулар өткізу кезінде жүзу нұсқаушысы бассейндегі жекелеген жолақтарға кіруді шектеуге құқылы (үш жолақтан артық емес).

Топтық сабақтарға қатысатын балалар бассейнге тек жаттықтырушының (нұсқаушының) еріп жүруімен ғана кіреді.

14 жасқа дейінгі балаларға қауіпсіздік мақсатында қосымша жүзу құралдары (нудлдар) беріледі.

Бассейнге келетін барлық балалар мен ересектер медициналық анықтама ұсынуы тиіс.

Бассейнде болу уақыты – 45 минут. Қалған 15 минут киім ауыстыру мен душ қабылдауға арналған.

Жүзу секциясына кешігіп келген жағдайда, жаттығу қалған уақыт шеңберінде өткізіледі. Сабақты ауыстыру немесе оны сақтау тек дәлелді себептер болған жағдайда (кемінде 1 күн бұрын ескертіліп, медициналық анықтама ұсынылған кезде) ғана мүмкін. Пайдаланылмаған сабақтар үшін төлем қайтарылмайды.

Бассейнде тыйым салынады:

  • жүгіруге және бордюрден суға секіруге;
  • арнайы жүзу бас киімінсіз суға түсуге;
  • тамақ пен сусын әкелуге және тұтынуға;
  • өз бетінше жеке жаттығулар өткізуге;
  • душ қабылдамай бассейнге кіруге;
  • бассейн жабдықтарын және техникалық құрылғыларды өз бетінше басқаруға.

Сауналарда тыйым салынады

Саунаны пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасы талаптарын қатаң сақтау қажет. Саунадағы электр пеші күн сайын сағат 07:30-дан 22:30-ға дейін жұмыс істейді. Саунадағы ең жоғары температура 80–100 °C аралығында болады.

  • вениктерді, әртүрлі атрибуттарды, маскаларды, скрабтарды және өзге де косметикалық құралдарды пайдалануға;
  • саунадан кейін душ қабылдамай бірден бассейнге кіруге;
  • сауна ішінде киім мен сүлгілерді кептіруге, сондай-ақ кез келген заттарды қалдырып кетуге;
  • сауналардың электр жабдықтарын, басқару панельдерін, электр қалқандарын, датчиктерді, жарықтандыру құралдарын және басқа да техникалық құрылғыларды өз бетінше қосуға, өшіруге немесе реттеуге;
  • электр каменкасына су құюға. Бұл әрекет термиялық күйікке, электр тогымен зақымдануға және электр пешінің істен шығуына әкелуі мүмкін. Аталған әрекет Орталықтың мүлкіне зиян келтіру ретінде бағаланып, айыппұл салуға негіз болады.

Сауналарға кіруге тыйым салынады егерде:

  • артериялық қан қысымы жоғары немесе төмен болған жағдайда;
  • бүйрек қызметінің ауыр бұзылыстары кезінде;
  • жүйке жүйесінің аурулары кезінде (оның ішінде бассүйекішілік қысымның жоғарылауы);
  • жүрек-қантамыр жүйесі аурулары болған жағдайда.

4. Жаттығу залына бару ережесі

Келуші жаттығу басталғанға дейін кіріспе нұсқаулықтан өтуге құқылы. Кіріспе нұсқама кезінде нұсқаушы жаттығу негіздерімен, қауіпсіздік техникасы қағидаларымен, залдың жабдықтарымен, тренажерларды пайдаланудың негізгі қағидаларымен таныстырады.

Егер келуші тренажерлерді дұрыс пайдалану жөніндегі нұсқаулықты бұзса, Фитнес орталығы денсаулыққа ықтимал зиян келтіргені үшін жауап бермейді. Сабақты қыздырынудан бастау, жаттығулардың дұрыс техникасын бақылау, спорттық жабдықты оның тікелей мақсатына сәйкес пайдалану ұсынылады. Келушілерге жабдықты пайдалану, олардың дайындық деңгейін ескере отырып, жаттығулардың қарқындылығы мен ұзақтығын таңдау ұсынылады.

Жаттығу залында жаттығу үшін дене қимылына кедергі келтірмейтін ыңғайлы спорттық киім және ауыстырылатын таза спорттық аяқ киім кию қажет.

Аяқ киіммен, шұлықпен, жағажай, үй аяқкиімімен жаттығуға тыйым салынады. Жаттығу аяқталғаннан кейін спорттық құрал-саймандарды арнайы бөлінген орындарға қою қажет.

Жеке және топтық жаттығуларды өткізу шарттары мен тәртібін Фитнес орталығының Әкімшілігі айқындайды және оны тек Фитнес орталығының нұсқаушысымен ғана жүргізуге болады.

Келуші жеке немесе топтық жаттығуларға кешіккен жағдайда, оны өткізу ұзақтығы қалған уақыт аралығына қысқарады. Дәлелді себептер (медициналық анықтамамен расталған сырқат) және нұсқаушыны жаттығудан кемінде 1 күн бұрын хабардар еткен жағдайда, төлемді сақтай отырып, жаттығуды тоқтату немесе кейінге қалдыру мүмкін.

Нұсқаушымен жеке және топтық жаттығуларға қатысатын балаларды қоспағанда, 14 жасқа дейінгі балаларға жаттығу залына баруға тыйым салынады.

Жеке немесе топтық жаттығулардың пайдаланылмаған күндері үшін ақша қаражаты қайтарылмайды.

Жаттығу залында тыйым салынады:

  • жазылмаған жарақаттар мен жалпы әлсіздік кезінде жаттығуға;
  • спортпен шұғылдануға арналмаған аяқ киімде болуға;
  • жалаңаш кеудемен айналысуға;
  • ақаулы тренажерлармен айналысуға;
  • тренажерларды жылжытуға;
  • залдың ауаны баптау және желдету жүйесін, трансляция көлемін және музыкалық сүйемелдеуді таңдауды өз бетінше реттеуге.

5. Жеңілдіктер жүйесі

Фитнес орталығы төменде көрсетілген тұлғаларға растайтын құжаттары болған жағдайда қызметтерді 50% жеңілдікпен ұсынады:

  1. Мектеп оқушыларына – мектептен берілген анықтама және тіркелген жері бойынша терапевттен (немесе жалпы практика дәрігерінен) алынған 027/е нысанындағы медициналық анықтама (эпидемиологиялық орта туралы және спортпен шұғылдануға, бассейнге баруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы жөнінде);
  2. Күндізгі бөлімде оқитын студенттерге (бакалавриат деңгейі, жасы 23-тен аспаған жағдайда);
  3. Зейнеткерлерге – зейнетақы куәлігі және тіркелген жері бойынша терапевттен (немесе жалпы практика дәрігерінен) алынған 027/е нысанындағы медициналық анықтама (эпидемиологиялық орта туралы және спортпен шұғылдануға, бассейнге баруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы жөнінде);
  4. Көпбалалы отбасының ата-анасының біріне – бір реттік келу үшін (көпбалалы отбасы куәлігі болған жағдайда).

Аталған жеңілдіктер нұсқаушымен өткізілетін жеке және топтық сабақтарға қолданылмайды.

Барлық абонементтер атаулы болып табылады.

Фитнес орталығы растайтын құжаттары болған жағдайда төмендегі тұлғаларға қызметтерді тегін негізде көрсетеді:

  • I, II, III топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға, оның ішінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (бір сүйемелдеушімен бірге);
  • 7 жастан 18 жасқа дейінгі көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға.

Фитнес орталығына келушілер (I, II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар және 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар) мүгедектік тобын растайтын құжаттарды, сондай-ақ тіркелген жері бойынша дәрігерден алынған 027/е нысанындағы медициналық анықтаманы (эпидемиологиялық орта және спортпен шұғылдануға, бассейн мен сауналарға баруға болатын құжаттарды) спорттық-сауықтыру сабақтары басталғанға дейін ұсынуы тиіс.

Кейіннен медициналық анықтамалар Фитнес орталығының медицина қызметкерінде бақылауда болады.

Егер мүгедектігі бар тұлға өз бетінше жаттығу жасай алмаса, оны жынысына сәйкес сүйемелдеуші тұлға алып жүреді. Бұл жағдайда сабақ барысында мүгедектігі бар адамның өмірі мен денсаулығы үшін толық жауапкершілік сүйемелдеуші тұлғаға жүктеледі.

Фитнес орталығының абонементтік картасын немесе бір реттік қызметтерін сатып алу келушінің осы Ережелермен танысқанын және оларды толық көлемде қабылдағанын растайды.

Әкімшілік

Артқа