«БІЗДІҢ ЧЕМПИОН» АЙДАРЫ: ТЕМИРЛАН ЯКИЯЕВ

13.11.2024

Талантты мәнерлеп сырғанаушы Темирлан Якияевтің жасы – небәрі 13-те. Соған қарамастан аталған спорт түрінде бірталай жетістікке қол жеткізіп үлгерген. Темирлан үшін мәнерлеп сырғанау өмірінің мәніне, нағыз махаббатқа айналған.

Спортшы мұз айдынына алғаш рет 5 жасында қадам басқан. Сөзіне қарағанда, қызығушылығы күннен күнге артып, жаттығулардан қалмай келіп жүріпті. Тынбай еңбектенуінің нәтижесінде 8 жылда бірталай сайыстарда жүлдегер атанып, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында биік мінбелерден көрінген.

Қоржынындағы алтын, күміс және қола медальдары талаптылығының, талантының және жеңіске деген ұмтылысының айқын дәлеліне айналып отыр.

Мәнерлеп сырғанау физикалық дайындықтан бөлек, тәртіп пен шымырлықты талап ететіні мәлім. Аталған қасиеттер Темирланның бойынан табылады.

13 жастағы мәнерлеп сырғанаушының арман-мақсаттары көп. Келешекте сүйікті спорт түрінің нағыз майталманына айналып, еліміздегі мәнерлеп сырғанауды дамытқысы келетінін айтты.

 

Бөлісу: