ЖҮРЕГІНДЕ СЕНІМ, ОЙЫНДА ЖЕҢІС: ДИНАРАНЫҢ ШАБЫТТАНДЫРАТЫН ОҚИҒАСЫ

24.04.2025

Динара Көпжасарова 2022 жылдан бастап «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының спортшысы. Велосипед тебуге деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған. Он жасында анасымен серуендеп жүргенде, балаларды велоспорт секциясына қабылдап жатқандығы туралы хабарландыруды көріп, осы спорт түріне қызығушылық танытып, велоспортқа алғаш қадам басқан.

Спортшы ең қиын сәті – жақындарынан алыста болу екенін айтты. Алайда, ол бұл сәттерді жеңіспен оралып, жақындарымен бөлісу одан да маңызды екенін жеткізді.

Жарысқа шығар алдында Динара денесін қыздырып, өзіне сәттілік әкелетін «бақытты» формасын киіп, барлығын Жаратушыға тапсыратынын айтты.

«Ең үлкен жетістігім — Азия чемпионатында 1-орын алғаным. Жеңімпазға арналған майканы кию — бала кезгі арманым еді, сол жарыста мақсатыма жеттім. Тағы мен үшін маңызды Әлем чемпионатында 6-орын иеленгенім. Жарысқа екі апта қалғанда құлап, жарақат алып, қолыма гипс салынды. Жарысқа қатыса алмай қаламын ба деген қорқыныш болды. Бірақ өзімді дер кезде қолға алып, күш жинап, ақыры Әлем чемпионатында 6-орын алдым», — дейді Динара Көпжасарова.

Спортшының жаттықтырушылары — Елена Владимировна мен Светлана Алексеевна. Динара үшін олардың қолдауы ерекше маңызды. Олар үнемі бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңес айтып отырады. Динара үшін бұл тек жаттықтырушы ғана емес, қиын сәттерде жанынан табылып, қолдау көрсететін сенімді адамдар. Олар әрбір қиындықтың артында нәтиже мен жеңіс тұратынын айтып, шабыттандырып отырады.

«Менің ең үлкен қолдаушыларым — отбасым, жақындарым және командамдағы қыздар. Біз тек бір команда ғана емеспіз, бір-бірімізге сенетін, қолдау көрсететін жақын достарға айналдық», — дейді спортшы.

Қазіргі таңда спортшы Қазақстандағы жарыстарға дайындалып жатқанын айтты. Алайда оның басты мақсаты — халықаралық аренаға шығу. Ол Әлем чемпионатында бірінші орын алып, Олимпиада ойындарына қатысуды көздеп, соған тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты.

Бөлісу: