Жаңалықтар
Орталық мемлекеттік органдар арасындағы республикалық спартакиаданың ашылу салтананаты
«Сарыарқа» велотрегі мен «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде орталық мемлекеттік органдар арасындағы республикалық спартакиада басталды. Жарысқа 24 мемлекеттік мекеменің қызметкерлері қатысуда. Мамандардың жеңіске деген ұмтылысы мықты, бірінен бірі өтеді. Жыл сайынғы дәстүрге айналған спартакиада мемлекеттік қызметкерлер арасында үздікті анықтап, қызметтік байланысты нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Сайысқа қатысушылар жеке және топтық ойындардың 7 түрі бойынша бақ таластырады.
Волейбол – үйлестіруді, реакция жылдамдығын және өзара түсіністікті қажет ететін командалық ойын.
Шағын футбол – шапшаңдық пен төзімділікті талап ететін спорт түрі.
Тоғызқұмалақ – терең ой мен алдын ала жоспарлауға баулитын қазақ халқының ұлттық ойыны.
Шахмат – логиканы дамытып, болжау қабілетін арттыратын ежелгі ойын түрі.
Үстел теннисі реакциясы жылдам, шапшаң жандарға арналған.
Қазақ күресі – күш, ептілік пен тактиканы көрсететін спорт түрі.
Қол күресінде қолдың күші мен төзімділігі тексеріледі.
Спорттың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін баршамыз жақсы білеміз. Физикалық белсенділік арқылы күнделікті өмірде энергия көбейіп, төзімділік пен тұрақтылық қасиеттері дамиды. Ойлау қабілеті жақсарып, мидың жұмысы да артатынын айта кету қажет.
Аталған спартакиада қызметкерлердің күшін сынап, достық қарым-қатынасты арттыруға, бір-біріне қолдау көрсетуді үйретуге және алдағы уақытта биік шыңдарға ұмтылуға септеседі. Сайыстың мақсаты – спорт пен дене шынықтыруды насихаттап, азаматтардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырумен қатар мамандардың денсаулығын нығайту.
Спартакиада айдың 22-сіне дейін созылады. Осы уақыт аралығында мамандар спорттық біліктіліктерін көрсетіп, бір-біріне қолдау көрсетуге үйренерлері сөзсіз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз! Жарыс ұмытылмас естеліктерге толы болсын!