Сарыарқа велотрегі туралы


Әлемдегі ең көрнекті спорт ғимараттарының бірі ретінде танылған «Сарыарқа» республикалық велотрегі 2011 жылы бой көтерген. Велосипедшінің дулығасына ұқсас бірегей архитектуралық форма өзіне ерекше назар аудартады.

Спорт кешенін «Астана» Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (РМҚК) басқарып, үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етеді.

Велотрек Астана қаласында Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының арасында орналасқан спорт кластерінің бөлігі болып табылады. Жалпы ауданы шамамен 45 мың шаршы метрді құрайды. Мінбелерге 9 195 көрермен сыяды. Кешенде велотректен басқа ауданы 4,2 мың шаршы метрді құрайтын мұз аренасы да бар.

«Сарыарқа» велотрегінің техникалық жабдықталуы мен конструкциясы өте ерекше, ең жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Орнатылған төрешілік, уақытты сақтау жүйелері, ақпараттық табло, фотофиниш камералары және автоматтандырылған мониторинг жүйесі жарыстарды өткізу кезінде қауіпсіздік пен тиімділігікке кепілдік береді. Ал құрылымның тірек конструкцияларының жай-күйіне мониторинг жүргізу келушілер мен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Веложарыстарға арналған тректің ұзындығы - 250 метр, ені - 7 метр, бұрылыстардағы көлбеуі 42 градус, түзу учаскелерде 12,5 градус. Сағат тіліне қарсы қозғалыс бағытына байланысты велотрек әлем бойынша үздіктердің қатарына енді. Мұнда ірі халықаралық және республикалық жарыстар өткізіледі, спорттық рекордтар орнатылады, ал спортшылар өз дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік алады.

Кешен көпсалалы. Яғни, бокс, дзюдо, гимнастика, баскетбол, волейбол сынды спорттық шаралармен қатар мәдени жиындарды өткізуге мүмкіндік бар. Осының нәтижесінде «Сарыарқа» велотрегі өңірдегі спорт пен мәдениет саласының маңызды орталықтарының біріне айналды.

Дамыған инфрақұрылымның арқасында спорт кешенінің қызметтері халықаралық деңгейдегі спортшылар үшін де, әуесқой спортшылар үшін де, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін де қолжетімді.

«Сарыарқа» велотрегінде:

  • Трек
  • Мұз аренасы
  • Фитнес-орталық
  • Гимнастикалық залдар
  • Бокс залы
  • Тхэквондо және жекпе-жек залдары
  • Ойын залдары
  • Шағын футбол алаңдары
  • Қонақ үй кешені
  • Мейрамхана кешені
  • Конференц-залдар
  • Кеңсе бөлмелері орналасқан.

Сонымен қатар, кешеннің құрамына велосипед орталығы, оқу кешені, велосипед жөндеу шеберханасы және т.б. кіреді.

Спорт кешенінде жыл бойы әуесқойлар арасында кең танымалдыққа ие спорт секциялары жұмыс істейді. Олар:

  • велоспорт
  • тхэквондо
  • мәнерлеп сырғанау
  • каратэ
  • жүзу
  • хоккей
  • тепе-теңдік велосипеді
  • дзюдо

Мұз аренасы

Мұзда спорттық жарыстарды өткізу үшін халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес мұз аренасы әзірленген. Мұз айдыны шорт-трек бойынша жаттығу процесін жүзеге асыруға да, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек бойынша чемпионаттар мен спорттық жарыстарды өткізуге де жарамды.

Мұз аренасы - әмбебап ғимарат, онда тағы 2 автономды жылыту залы орналасқан және мұз технологиясы саласында заманауи әзірлемелер пайдаланылған. Нысан тиісті техникалық құралдармен, атап айтсақ, қашықтан басқару және мониторинг жүйесімен, бейнебақылау аппараттарымен жабдықталған.

Жалпы ауданы 600 шаршы метрден асады, орын саны - 350.

Фитнес-орталық

«Сарыарқа» велотрегінің фитнес-орталығына келсеңіз, спортқа деген қызығушылығыңыз артып, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын боласыз! Өйткені, мұнда клубтың әр мүшесі назарға алынып, жоғары кәсіби деңгейде қызмет көрсетіледі. Осының нәтижесінде, елорда тұрғындары арасында фитнес-орталық мол сұранысқа ие.

Бізде жаттығу залдары, бассейндер, сондай-ақ саунаның үш түрі бар.

1344 шаршы метр алаңда орналасқан жаттығу залдары әлемдік өндірушілердің жоғары сапалы спорт жабдықтарымен жабдықталған.

Жаттығу алаңы бірнеше бөлікке бөлінген. Мәселен, кардио аймағында жүгіру жолдары, эллиптикалық жабдықтар, велосипедтер және т.б. бар. Бұл жерде жаттығу жүрек жұмысын жақсартып, денсаулық пен әл-ауқатты нығайтуға, артық салмақтан арылуға, сымбатты әрі әдемі мүсінді сақтауға мүмкіндік береді.

Спорт кандидаттары және спорт шеберлері саналатын жаттықтырушылар жеке және топтық сабақтар өткізеді.

Фитнес-орталықтағы бассейндер суды тәулік бойы тазартып, сүзгіден өткізіп тұратын заманауи жүйемен жабдықталған. Ересектерге арналған бассейн 6 жолақтан тұрады, ұзындығы 25 метр, ені 17 метр, тереңдігі 2 метрді құрайды, судың температурасы - 26,5-27,5С. Кішкентай балалар шомылатын бассейннің ұзындығы 13 метрге дейін жетеді, ені 6 метр, тереңдігі 1 метр, ал судың температурасы - 30-31С.

Бассейндерде келушілерге қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған: киім ауыстыратын шкафтары бар бөлмелер, душ кабиналары, сүлгілер бар. Сондай-ақ, сауналардың фин, хамам және дымқыл бу саунасы сынды түрлері жұмыс істейді.

Фитнес орталықта ересектер мен балаларға арналған жеке және топтық жүзу секциялары ұйымдастырылады. Жүзе алмайтын балалар орталықта сабақты нөлден бастап үйреніп, жүзу техникасын толықтай, жетік меңгеріп шығады. Ол үшін тәжірибелі жүзу нұсқаушылары жеке бағдарламалар жасаған.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың бассейнге кіруіне арналған пандус пен лифті бар.

Жекпе-жек, тхэквондо залдары

Жекпе-жек және тхэквондо бойынша жаттығуға арналған залдар велотректің нөлінші және бірінші қабаттарында орналасқан. Аумағы 665 және 465 шаршы метрді құрайды. Спорт залдарының инфрақұрылымы кәсіби бозкілеммен, боксшы қаптарымен, қорғаныс дулығаларымен, бокс рингімен, бокс тұлыптарымен және т.б. жабдықталған.

Ойын залы

Ойын залы шағын футбол, баскетбол және волейболдан әуесқойлық турнирлер мен жаттығу процестерін өткізуге арналған. Залда ойыншылардың қауіпсіздігі - басты назарда, бұл жер жұмсақ жақтармен жабдықталған және резеңке жабыны бар. 7 жастан асқан балаларға арналған шағын футбол секциясы жұмыс істейді. Зал ғимараттың нөлінші қабатында орналасқан және оның жалпы ауданы 695 шаршы метрді құрайды, ал ойын бөлігі - 411 шаршы метр.

Гимнастика залы

Залдың жалпы ауданы 721 шаршы метрден асады, жаттығу залы – 410,4 шаршы метр. Гимнастика залы барлық қажетті құралдармен жабдықталған: қырлы бөренелер, төсеніштер, көпірлер және т.б., сондай-ақ «қону аймақтары» деп аталатын арнайы жабын орнатылған.

Сырттағы футбол алаңдары

Велотрек аумағында қала тұрғындарының уақытты тиімді әрі пайдалы өткізулері үшін шағын футбол алаңдары бар. Бір алаңның жалпы көлемі - 20х40 метр, ойын бөлігінің ауданы - 16х36 метр. Футбол алаңдары жасанды жабынмен, футбол қақпасымен жабдықталған. Алаңдар көктем-күз мезгілдерінде жұмыс істейді.

Конференц-залы

Сыйымдылығы 120 орындық 297 шаршы метр алаңда орналасқан велотректің конференц-залы ресми баспасөз конференцияларын, брифингтер мен жиналыстар өткізуге арналған. Мұндай іс-шараларды өткізу үшін конференц-залы барлық қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қонақ үй

Спорт кешенінде 50 бөлмелі (нөмірлі) және 100-ден астам қонақты қабылдауға мүмкіндік беретін қонақ үй орналасқан. Оның ауданы 2 446,4 шаршы метрді құрайды. Қонақ үй спортшыларға, жаттықтырушылар штабына, ресми делегацияларға, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысушыларға арналған.

Мейрамхана кешені

Елорда тұрғындары мен қонақтары велотрек мейрамханасында түскі ас іше алады. Мейрамхана кәсіби жабдықтармен жабдықталған және қонақтар мен қызметкерлерге кешенді түскі ас, фуршет ұсынады. Спортшылар үшін мейрамханада арнайы мәзір әзірленген.